Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін
ең алдымен азаттық пен білім қажет.
Шоқан Уәлиханов
ХХІ ғасыр – білім ғасыры. Еліміздің білім жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Демек, бүгінгі мақсат – әрбір оқушыға түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай туғызу. Келешегіміздің бүгіннен де нұрлы болуына ықпал жасап, жас ұрпақты жеке тұлға етіп қалыптастырып, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш – білім ордасы. Осы бағытта жыл сайын 2500-ге жуық шәкіртке сапалы білім беріп, саналы тәрбие беріп отырған іргелі білім ордасы – Астана қаласының №51 мектеп-гимназиясы мемлекеттік мекемесі. Қазақ балаларын оқытып-тәрбиелеу мақсатында бұдан он жыл бұрын құрылған айтулы білім ордасы 2005 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Осы жылдан бастап бүгінге дейін мектеп директоры жауапкершілігін абыроймен атқарып келе жатқан «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі иегері, «Халықаралық ұстаздар одағының мүшесі», «Мәртебелі мектеп директоры» төсбелгілерімен марапатталған, ҚР БҒМ, Астана қаласы Әкімі, Астана қаласы Білім басқармасының Грамоталарымен марапатталған ұлағатты ұстаз Дүйсенова Күнімхан Смағұлқызының басқаруымен бүгінде жаңа бастамалар қолға алынған.
Содан бері мыңдаған шәкірттерін қанаттандырып шығарған оқу ордасы бүгінгі таңда заман талабына сай тәлім-тәрбие, сапалы білім беруде қала метептерінің арасында үздіктер сапынан көрінуде.
Мектеп-гимназиясының басты мақсаты: «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыра отырып, сапалы білім негізін қалыптастыру». Әрбір шәкірттің жеке ерекше қабілеттерін ілгері дамыту, дарындылығы анықталған оқушыны қабілетіне сай, шығармашылықпен ойлай алатын азамат етіп қалыптастыруға жағдайлар жасау аясында бәсекеге қабілетті, патриоттық рухы дамыған жеке тұлға тәрбиелеу және ізденімпаз ұстаздар ұжымын қалыптастыру.
Міндеттері: оқушылардың ақыл-ой қабілетін жетілдіру, шәкірттердің шығармашылығы мен дарындылығын дамыту, оқушыларды қоршаған ортаны аялауға, демократия мен ізгілендіру талаптарына сай болуға баулу, шәкірттердің ғылыми зерттеу дағдыларын қалыптастыру.
Жалпы ұжым өміріндегі іс-шараларға мұрындық болатын мектеп директорының орынбасарлары десек, бұл орайдағы міндеттер жүктелген Раушан Сайлауовна, Ләззат Сәрсенқызы, Ғалия Қыдырбайқызы, Ермек Айтмағанбетович мектебіміздің тыныс-тіршілігіне қосқан үлестері орасан зор. Олардың басқаруымен өтетін мұғалімдер жиналысында мектеп өмірінің ағымдағы іс-шаралары жан-жақты қаралып талқыланады. Әрі әр ұстаздың сабақ берудегі технологиялық бағдары, әдістемелік зертханасы, оқушылардың оқу барысындағы деңгейлік жетуі және т.б. іс-шаралардың өткізілу бағыттары бақылауға алынған. Сонымен қатар ұстаздардың жетістіктері кемшіліктерін саралап отыру да назардан тыс қалмаған.
Ұстаздардың білім беру жолындағы қажырлы еңбегі – шәкіртінің шыққан биігімен өлшенеді. Өткен оқу жылының түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. ҰБТ-дан бақ сынаған 132 мектеп түлектерінің 70-і таңдаған мамандықтары бойынша мемлекеттік грантты иеленсе, ең бастысы, алтын белгіге үміткерлердің бесеуі де осы сыннан сүрінбей өтіп, білімдерінің үздік екендіктерін дәлелдеп, қалаған мамандықтары бойынша грантқа ие болды. Сондай-ақ Ұлттық Бірыңғай Тестілеудегі оқушылардың жақсы көрсеткішінің арқасында мектеп республика көлеміндегі нәтижелі білім ордалары қатарынан көріне білді.
Мектебімізде «Болашақ» оқушылардың ғылыми қоғамы жұмыс жасайды. ОҒҚ жұмысы дарынды және талантты балаларды дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, мектеп Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Евразиялық Ұлттық университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға отырған, аталған жоғары оқу орынның тарих, археология және этнография кафедрасымен байланыс орнатылған. Аталған қоғамның жұмыс нәтижесін мақтанарлықпен ерекше атауға болады. Себебі, жылда өткізілетін республикалық ғылыми жоба сайысы – еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім шаңырақтарында дәріс алып жатқан талантты да білімді оқушыларды республикаға танытатын бірден-бір байқау. Мектебіміздің оқушылары осы байқауда әрбір оқу жылында биік тұғырлардан көрініп жүр. Атап айтқанда, Республикалық жобалар конкурсы бойынша 3 жүлделі орын, Халықаралық жобалар конкурсы бойынша 2 жүлделі орын иеленген шәкірттеріміз қазіргі таңда шет елдерде білім алуда. 2015-2016 оқу жылы қорытындысы бойынша №51 мектеп-гимназия оқушылардың ғылыми жарыстарға қатысуы бойынша үздік мектептердің бестігіне енді. Мектептің 11 оқушысы Халықаралық ғылыми жұмыстар жарыстарының жүлдегерлері атанды.
Онымен қатар мектебіміздің оқушыларының шығармашылық жұмысқа деген талпыныстары да ерекше. Соның бір дәлелі қазақ тілі мен әдебиеті ұстаздарының ұйымдастырылуымен өтетін қалалық, республикалық оқуларындағы жеткен жетістіктерден байқауға болады. Соның ішінде облыстық білім департаментінің ұйымдастырылған логикалық олимпиадада гимназия командасы аудан бойынша – 17 жүлделі орын, қала бойынша- 2 жүлделі орынды иемденіп, жеңіс тұғырына көтерілсе, математика, орыс тілі пәндері бойынша облыста өткен командалық олимпиадаларда бірнеше жүлделі орындардың иесі атанған. Републикалық «Кенгуру», «Ақбота» конкурстарына қатысқан 698 оқушының 232 оқушысы жүлдегерлер атанып, еңбектері айрықша бағаланды.
Сонымен қатар, «Сәкен оқуы», «Жамбыл оқуы», «Махамбет оқуы», «Абай оқуы», «Мағжан оқуы», «Мұқағали оқуы», «Төлеген Айбергенов оқуы» және т.б. интеллектуалды сайыстар мен олимпиадалық жарыстарда Бақыт Есбол, Жортуыл Ерасыл-Ғали, Үсен Аружан, Мамедәлі Аида, Ерсін Бағдат, Құдайберген Әділет, Замураева Диана, Серікқызы Айғаным, Зұлқарнай Ақсұлу, Болат Аяулым, Балтаболат Гүлназ, Мирас Гаухар, т.б сияқты оқушыларымыз жүлделі орындарды иемденуі игілікті қадамдардың нәтижесі деп білеміз.
Міне, айналып келгенде, осы аталған жетістіктердің өзі гимназия ұстаздарының шығармашылық ізденістері мен қажырлы еңбектерінің, біліктіліктері мен шеберліктерінің жемісі екені даусыз. Республикалық байқауларда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, жүлделі орындарды иемденіп жүрген Ильясова Қатира Ильясқызы, Алмабаева Әлия Айтахметқызы, Бексеитова Айгүл Бұқарбайқызы, Битемір Айнаш Бескемпірқызы, Ибраева Өрік Төлеубаевна, Жөкелова Светлана Бүркітқызы, Рысмағанбетова Камал Исатаевна, Молдахан Советхан, Зермұхамедова Айсұлу Жағыппарқызы, Абдразақова Гүлшарат Шеріқызы сынды ұстаздарымызды зор мақтанышпен айтып өтуімізге болады.
Тағлымы мол тәжірибелі ұстаздардың шеберліктері мен жетістіктерінің өзіндік қыр-сыры ұстаздардың жасаған өз мәлімдемелері мен баяндамаларында кеңінен айтылады. Ұстаздар қауымдастығы мен бірлестіктері жылына кемінде бір рет өз тәжірибелерінің көрмесін ұйымдастырып, өз әдістемелеріндегі педагогикалық технологиялардың тиімді, ұтымды тұстарын дәлелдеп, шеберлікпен қорғайды. Сонымен қатар әр пән бірлестіктері әр оқу жылы аяғында ұстаздар шеберханаларындағы жеке жұмыстармен танысып, олар жайлы жазбаша қорытынды шығарып, үздік жұмыстары мектептің жылдық қорытынды жинақтарында жарық көреді.
Осындай жетістіктерге қол жеткізген ізденімпаз, жаңашыл ұстаздардан құрылған мектеп ұжымының шығар шыңы мен алар асулары әлі алда деп ойлаймыз.
Алмабаева Ә.А
Темірғалиева Б.Ш.
Қожанова Н.Т