ОҚУШЫЛАР БОЙЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

 Есіркепов Ж.М.

 Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 Қазіргі таңда қоғамның барлық тәрбиелік күші бір-ақ нәрсеге бағытталуы тиіс, яғни, оқушыларда ішкі ой бостандығы, шығармашылық белсенділік болуы керек, жоғалтқан рухани-өнегелілік құндылықтарын қайта табуы керек, халық дәстүрін, ұлттық идеяны қадірлеп-қастерлеуі тиіс. Оқушылардың әлеуметтік құндылықтарын қалыптастыру саласында халықтық және еңбек дәстүрлерін сіңіру үдерісінде әртүрлі нұсқада қолданылатын жаңа ой, түсінік пайда болды. Педагогикалық жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі оқушылардың тарихи дәстүрді сезінуін, ұлттық мәдениет үшін, халықтық өнер үшін жауапкершілікте болуын тәрбиелеп отыру.

Оқушылар бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, оны терең ұғынуы және меңгеруі отбасының, мектептің, ортаның тәрбиелік ықпалы сезімге әсер етуге бағытталса ғана жемісті болады. Бұл факторлардың оқушыларға ең тиімді әсері өз халқының дәстүрі, идеялары, өмірлік тәжірибесі кешенінің арқасында қамтамасыз етіледі. Бұл жөнінде орыс педагогы К.Д.Ушинский «Халықтық бастамаға негізделген, халық құрған тәрбие күші ешқандай басқа жүйеде болмайды. Бірақ, сонымен бірге тек халықтық тәрбие ғана халық дамуының тарихи үдерісінде тірі орган болып табылады», – деп жазады:

Кез-келген халықтың бай, жан-жақты тәжірибесі, оның ерен тәрбиелік әлеуеті ең алдымен ана тілінде жинақталады, ұлттық мәдениетінде, халық шығармашылығында, фольклорында, сәндік-қолданбалы өнерінде шоғырланады. Өкінішке орай ХХ-шы ғасырда көптеген жылдар бойы ауыл мектебінің тәрбиелік жұмысында халықтық тәрбие идеялары өте төмен деңгейде қолданылатын. Соның салдарынан ұлттық тарихымыз ұмытылып, халықтық тәрбие мүлде жоғалды, халықтың мәдени мұрасының сақталуы мен дамуына деген жауапкершілік сезілмеді.

Алаш көсемі Ә.Бөкейхан халықтық педагогиканың, тәрбиенің халық тәжірибесінің өте қажетті екенін айта келіп: «Жоқ, біз ежелгі халықтық дәстүріміздің жоқ болып кетуіне хақымыз жоқ. Мәдениеті төмен адамдар, менмендікпен ескі көзқарастарын, ескі танымын дәлелдеп, халықтық дәстүр мен құндылықтардың ғасырлар бойы келе жатқан тағдырын шешуіне жол беруге болмайды. Бұл халықтық тәрбиенің мәні – ұрпақтың халықтың гумандық, прогрессивті, ғасырлар бойғы дәстүрлерімен бірге нығаюы», – деп ой түйеді

 Әр халықтың өз дәстүрі, әдет-ғұрпы, әлеуметтік құндылықтары, мінез-құлық нормалары мен қағидаларының жүйесі халықтың шығармашылығының, өнерінің, кәсібінің спецификалық формасына бекітіле отырып қалыптасады.

 Қазақ халқының дәстүрінде жергілікті, ұлттық ерекшелігі де, жалпы адами қасиеттері мен материалдық-әлеуметтік, рухани өмірінің бағыттары да айқын көрініп тұрады.

Қазақ халқы үшін мысалы, туған жерге, отбасына, табиғатқа, жерге, еңбексүйгіштікке, адылдық пен ашықтық, айналасындағыларға шын пейілмен қарым-қатынаста болатын ерекше мінез белгілері бар, олардың ойлау қабілеті де ширақ, жылдам, ұстамды, қайырымды, өкінішке орай жасқаншақ та қасиеттері бар. Халықтың әні, ертегілері, ойындары, мақал-мәтелдері, қолданбалы-сәнді және тұрмыстық заттары арқылы әлеуметтік-мәдени тәжірибесі, өнегелі көзқарасы, мыңдаған жылдар бойы жинақталған тәлімдік қасиеттері сақталып оқушыларға беріледі, сөйтіп ұрпақтар арасында байланыс орнайды.

Тәрбиенің халықтық факторларында халықтың жады жинақталған, қазіргі біздің уақытымыздың қайсар күшіне қарсы тұра алатын әдемілікке, қайырымдылық пен зұлымдылыққа деген сол кездегі адамдардың түсінігі, үйлесімділіктің үстемдігіне деген сенімі қордаланған. Қазақтың мұндай мәдени-өнегелі игілігі оқушылардың мәдени қарым-қатынасын, өзара әрекетінің ортамен, отбасының нығаюына, еңбекке деген құштарлығын дамытуға деген маңызды құрал, әдіс болып табылады.

Қазір халықтық педагогиканың әдістерін қолданбай жалпы адамзаттық құндылықтармен, гуманизм қағидаларымен сәйкес келетін тәрбие беру, педагогика ғылымын одан әрі дамыту мүмкін емес екендігі айқын болып отыр. Белгілі ғалым Ж.Асанов өз еңбегінде «Әлеуметтік тәжірибе, рухани құндылықтарды нығайтып беру құралы болып табылатын тәрбиелік дәстүр – халықтық педагогиканың ядросы болып табылады», – деп атап көрсеткен [3].

Жаңа демократиялық үдерістер қазір ұлттық сана-сезімді, ұлттық мәдениетті дамыту үшін, халық өміріндегі ана тілдің орны мен маңызын көтеру үшін, қазақ халқының әнінде, ертегілерінде, ойындарында, мақал-мәтелдерінде орныққан педагогикалық ойларының маңыздылығы мен мәртебесін қайтару үшін белгілі бір деңгейде оң жағдайлар жасалған. Соңғы жылдардың әлеуметтік құбылысы нағыз халық өнеріне кеңістікпен жаңа жол ашты.

Бұл жерде айта кету керек, ана тілінсіз ұлттық мәдениет, ұлттық құндылықтар, халық өнері, шығармашылығы, дәстүрі мен әдет-ғұрпы өмір сүріп дами алмайды. Қазақ руханиятының көсемі А.Байтұрсынов, ұлы педагог-ағартушылар Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймаутов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Б.Момышұлылар тәрбиенің негізгі құралы ретінде ана тіліне аса жоғары мән берген. Сондықтан да А.Байтұрсынов «Сәбиді ана тіліне баули отырып, оны халық ойына, халық сезіміне, халық өміріне, халық рухының аясына енгіземіз» – десе, Ж.Аймаутов «Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтын-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына…» – деп жазады.

М.Әуезов «Қазақ мектебіндегі бала келешекте қай мамандыққа барам десе де, ең алдымен өзінің ана тілін, әдебиетін сүюі шарт. Сол сүюді орта мектеп табалдырығын аттаған соң да, мамандық, білім беретін жоғары мектепке ауысқанда да асыл қасиетіндей сақтауы керек».

 «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?», – дейді.

Х.Досмұхамедұлы «Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» [198], Ғ.Мүсірепов «Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады» [9], Ж.Мыңбаев «Тіліңді жоғалту, су қараңғы көзсіз қалғаныңнан да өткен қасірет» [10],               С.Аманжолов «Тіл – әр халықтың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінге жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелеуші, яғни бар тарихының куәгері, деректі көзі», – деп ғұламалық ой тастайды [11].

Ал, Б.Момышұлы «Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге белгісі», «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» -деп тебіренеді [12].

Тәрбиедегі ана тілінің орасан рөлін Ә.Сәрсенбаев, А.Айталы, М.Шаханов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмаділов, М.Әлімбаев сынды ғалымдар мен ақын-жазушылар және басқалары өз шығармаларында тереңнен қозғайды. Олар халық дәстүрінің тәрбиелік әлеуетін ана тілінің қорына қарай бағалайды, байланыстырады. Соған байланысты М.Шаханов ана тілін сақтаудың, дамытудың, мәртебесін көрсетудің маңыздылығы туралы ескерте отырып «Ана тілі жоқ болса – ұлт жойылады, ұлт та, мәдениеті де, рухани құндылығы да құлдырайды, күнделікті тұрмыста жұмыс істеп тұрған халықтық педагогика құралы ауызша халық шығармашылығы сияқты жоғалады», – деп жазады [13].

Ал, Шерхан Мұртаза «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі», – десе, сонымен бірге, «Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды», – деп түйіндейді [14].

Н.Ә.Назарбаев «Әлем әдебиетіндегі әйгілі жүз кітапты емін-еркін бар бояуымен төгілтіп түсіретін тіл – қуатты тіл, қазақ тілі – сондай тіл», – деп мемлекеттік тіл туралы халыққа Жолдауында нақты атап өтеді. Бүгінгі қазақ тілінің тағдыр мен болашағы Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы», – деген сөзі бар. Ал кейінгі 2005 жылғы халыққа Жолдауында айтылған «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», – деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздеп отыр [15].

Осы әдіснамалық қағидалар мен ой толғамдарға сүйене отырып, біздің тәжірибелік жұмысымыз жайдан жай ана тілі мен ұлттық идеяларды өзектілендіруге арналып отырған жоқ. Осы ойды жүзеге асыру үшін тәжірибелік мектептерде Х-ХІ сынып оқушылары арасында міндетті ана тілі факультатив сабақтарын енгіздік, соған сәйкес «Ана тілі», «Қазақ сөзі», «Жас тілші», «Жас ақын» сияқты үйірмелер мен шығармашылық берлестіктер ұйымдастырдық. Сабақтар апта сайын жүргізілді, үйірме мүшелері жалпы және жеке жоспар бойынша оқыды. Үйірмешілер шығармашылық жұмыс ретінде шағын өлеңдер, әңгімелер, очерктер, ертегілер жазып, мектеп газеті мен журналын шығарып отырды. Істеген жұмыстарын қорытындылап, олар шығармашылық есеп беру кешін өткізді, оны мектепте ғана емес, ауыл тұрғындары арасында ауылдың мәдени-клубында ұйымдастырды.

Үйірме мүшелері ауыл кітапханаларына әртүрлі іс-шара жүргізуге, ал кітапханаға келушілерге конференциялар, тақырыптық оқулар өткізді. Өз шығармашылық жұмыстарын олар әртүрлі редакцияларға, байқауларға жіберіп отырды. Үйірмешілердің ең танымал басылымы Республикалық «Сыр ұланы», «Ақжелкен», «Айгөлек», «Балдаурен», «Балдырған» жастар газеті мен журналдары, және аудандық газеттер.

Сонымен 2014-2015 оқу жылдары тәжірибелік мектептің 10-нан астам оқушылары аудандық және облыстық байқауларда, тақырыптық викториналарда жеңімпаз атанды. Ауыл оқушылары мен жергілікті тұрғындар арасында қазақ тілінің танымалдылығын арттырылғандығына тағы бір мысал қазір ұлттық тілде басылатын көптеген басылымдарға халықтың 80%-ы жыл сайын жазылып отырады. Ана тілін меңгеру үшін біз тәжірибелік-эксперименттік мектепте мынадай да жұмыс істеп тұратын пікірталас клубын аштық. Оған қатысатын жоғарғы сынып оқушылары шығармашылық бағыттағы әртүрлі ойындарға қатысады, мысалы: «Жас ақын», «Бақытты сәт», «Сөз мерген», т.б.

Бұл пікірталас пен ойындар өз халқының ұлттық тілі ғана емес, өзге де ұлттардың, тіпті шетел тілін де терең, жан-жақты білуді қажет ететіндіктен құндылығы өте жоғары. Пікір алмасу мен интеллектуалды және жалпы ұлттық қарым-қатынас мәселесін қамтиды, бұл жұмысқа оқушыларды ғана емес, жергілікті ересек тұрғындарды тартып, қатысуларына мүмкіндік береді. Көбіне дискуссиялар интегралды нұсқада жүреді, яғни мектеп пен ауыл кітапханасы бірігіп жүргізді. Жұмыстың мұндай түрі оқушылардың өзін көрсете білуіне, өзін мойындатуына, шығармашылық және интеллектуалды әлеуетін көрсете білуге үйренуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда өз идеяларын жоғалтқан ауыл оқушыларының дүниетанымы, әлеуметтік, рухани-өнегелілік ұстанымдары төмендеп, халықтық идеялдардан алыстап барады. Сондықтан осы жағдай тәрбиелік жұмыста халықтық өнерге, ұлттық мәдениетке, тарихи және мәдени дәстүрлеріне, тілге, шығу тегіне, адамзатқа деген оқушылардың құрметін қалыптастырудың қаншалықты маңызды екендігін және осыған барынша көңіл бөліп, негіз етуді мақсат тұтқан дұрыс. Қазіргі ауыл оқушыларының ұлттық құндылықтарға деген ынта-ықыласын дамыту үшін халықтың өзі жасаған рухани, мәдени, әдет-ғұрыптың және материалдық құндылықтарын танып білуі қажет. Бұл құндылықтардың әртүрлілігі этникалық сана сезімінен, ұлттық, тектік және өңірлік дәстүрлері арқылы анықталады.

Халық өнері – мәдениеттің мыңжылдық формасы, ол әркімді өзіне тартады, адамдардың еркін қарым-қатынаста болуына шынайы мүмкіндік жасайды, қазіргі ауыл оқушылары қажет ететін ерекше қажеттіліктерді сыйлайды. Сондықтан тәрбие стратегиясының өзі қазіргі мектеп өмірі халық өнерінің кең ауқымды таңқаларлық спектрімен толықтырылып, байытылып отырылуы тиіс.

Осы жағдайды ескере отырып тәжірибелік-эксперименттік жұмысымызда халық өнерінің мынадай түрлерін қолдандық: музыка, би, ауызша фольклор, халық театры, ұлттық ойындар, сурет және сән өнері. Олар оқушылардың дүниетанымын, білімін кеңейтеді, әлеуметтік тәжірибесімен толықтырады, шығармашылық қабілеттерінің кешенін дамытуға себеп болады. Халық өнері арқылы оқушылар халық өміріне қосылып, идеалдары мен дәстүрлерін таниды. Солай болғанын өздері де байқамай қалады. Қазір көбіне тек ауылдарда ғана фольклорлық топтар мен ансамбльдер жұмыс істеп тұр, сахна мен  тұрмыстық көркем заттарын жасап шығаратын халық шеберлері де ауылда тұрып, жұмыс істеп жатыр.

Халық өнерінің күрделі тәрбиелік әлеуетін жасау үшін мектептерде, ауылдық мәдениет үйінде құрдық (фольклорлық, театрлық, көркем-қолөнер, сурет өнері). Оған оқушылар ғана емес, мектептен тыс орта өкілдері де қатысты. Мысалы, №54 орта мектебінде ұйымдастырылған фолкьлорлық ансамбльге 6-17 жасқа дейінгі балалар мен 60 жасқа дейінгі үлкен кісілер қатысты. Әрине, мұндай әртүрлі жастан құрылған ансамбльге жас ерекшеліктері арасында қайырымдылық, үлкенге деген құрмет туғызады. Сонымен қатар, алдыңғы ұрпақ алдында жауапкершілікті сезініп, борыштылық пен міндеттілік сезімдері қалыптасады.

Үйірме сабақтарында оқушылар орындау шеберлігін үйреніп қана қоймайды, (халық аспабында ойнау, ұлттық би, ұлттық ән, ұлттық ойын және т.б.), сонымен бірге өзге де шығармашылық тапсырмаларды орындайды. Мысалы, фольклоршы-оқушылар халық әндері мен композиторлары туралы әртүрлі мәліметтер жинады. Және бейне таспаға ауылдың ең қарт тұрғындарынан әдет-ғұрыптық әндерді, естеліктер мен халық мақалдарын жазып алды, әртүрлі ауылдық-көпшілік іс-шаралар (үйлену тойы, сүндет той, әскерге шығарып салу, т.б. мерекелік күндер) жүргізді.

Фольклорлық топтар мен ансамбльдердің қойылымдарын негізінен әртүрлі «Тәуелсіздік күні», «8-наурыз», «22-наурыз», «1-мамыр», «9-мамыр», «1-маусым», «Білім күніне», «Тұңғыш Президент күніне» арналған мереке күндеріне арнады.

Қазақ фольклорының мұндай формаларында (ән, би, киім, сәндеу, т.б.) ауыл тұрмысы мен құрылыстары, өмір сүруі, қазақтардың өзара қарым-қатынасы, экономикалық жағдайы, туысқандық және отбасылық тұрмысы, бала тәрбиесі, ауылшаруашылығы, діни сенімдері, т.б. ерекше сипатталады.

Қазақ фолкьлорының ерекше жанры – халық әндері – қалыңдықтың сыңсуы (үйлену тойындағы қалыңдықтың көне ғұрыптық жалынышты әні) болып табылады. Онда көптеген жағдайлар бейнеленеді, Сарбаз өмірінің қиын да ауыр өмірі туралы, ата-анасының зорлықпен сүймеген адамына ұзатуы туралы айтылады. Бұл жерде әскерге кеткісі келмеген жігіттің, өзгеге тұрмысқа шыққысы келмеген бойжеткеннің қайғылы әндері айтылады. Әнде ата-ананың қызына жасаған қиянат істері, қазақ ауылдарында өтетін той бейнеленеді.

Тәжірибеден байқағанымыз, ауыл оқушылары осындай фолкьлор жанрына көп қызығушылық танытады екен. Осы жоспар бойынша оқушылар қазақтың ұлттық үйлену тойларын да зерттеді, олар да өңірге байланысты дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары әртүрлі болады. Оның бәрін оқушылар фольлорлық ансамбльдерде қолданып отырды.

Халық өнерінің тағы да бір маңызды элементі көркем-сурет және сән-қолданбалы өнері болып табылады.

Көркем өнер кәсібі қызметтің іскерлік-түрлендіргіш, конструктивті-байланыс бастауы болып есептеледі.

Бұл өнер түрінің үйрімелеріне қатыса отырып, оқушылар көркем өнер идеялары мен бейнелері ортасына түседі. Мұнда өзін-өзі көрсету арқылы нығайып, беки түседі.

Эксперименттік жұмыста әр мектепте халықтың кәсіптің қай түрі жетекші болып есептелетінін анықтады. Мысалы, кейбір ауылдарда қолөнерге қатысты тоқу мен тігу жақсы дамыған, ал екінші бір ауылдарда – ағаш, темір кесіп өрнек жасау дамыған екен.

Ауылда тұратын халық шеберлері балаларға елеулі ықпал жасайды. Сондықтан біз оларды мектептер мен өзге мекемелердегі балалар шығармашылығын басқаруға жиі тарттық.

Кез-келген кәсіп өнермен, шығармашылықпен, тәжірибе алмасумен байланысты, ол оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жақсылыққа жетелейді, күнделікті өмірін түрлендіруге көмектеседі. Осындай үйірмелерге қатысып қуанышқа кенелген оқушылар бойында жоғары әлеуметтік бағыттар мен мотивтерге деген қажетсіну сезімі туындайды.

Ауыл оқушыларының ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда халық дәстүрі мен ана тілдің оң ықпалын ескере отырып айтатынымыз, ескі дәстүрлері, әдет-ғұрыптарға, немқұрайлылықпен қарау мәдениетті, рухани-өнегелілікті, құндылықтарды, тәрбиені жояды. Егер атадан балаға қалатын мирасқорлықты, аманатты, әдет-ғұрыпты сақтай отырып, өткенді дамыта білсек, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді қайта жаңғыртуға болады.

Әдебиеттер:

  1. Ушинский К.Д. О народности в общественном воспитании. Пед.соч., Т 2., – М.: 1948.
  2. Бөкейхан Ә. Шығармалар жинағы // Алматы, 2000 ж.
  3. Асанов Ж. Педагогика // Оқулық. – Алматы, 2009 ж.
  4. Байтұрсынов А. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы. “Алаш” 5 том
  5. Аймаутов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: “Жібек жолы”, 2003.
  6. Әуезов М. Көп томдық шығармалар жинағы. 15 том. Алматы, 1984.
  7. Тіл мен сөз құдіреті туралы // Қазақтар: Көпшілікке арналған 9 томдық анықтамалық: ІҮ том: Асыл сөз. – Алматы, 1998. 213-236 б.
  8. Момышұлы Б. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 2012.
  9. Шаханов М. Ұлт анасы – тіл //– Алматы: «Жалын», 2010.
  10. Мұртаза Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: “Жазушы”, 1996.
  11. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде: ҚР Президенті Н.Назарбаевтың мемлекеттік тіл туралы халыққа Жолдауы //Ана тілі. – 2006. – 25 мамыр (№22). –1 б.
  12. Абдрахманов С. Өз тіліңмен өмір сүр: Елбасымыз осыған шақырады // Егемен Қазақстан, 2006. – 24.05. – 3 б

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Сыныптан тыс оқу сабағы – әдебиет сабағының жалғасы.

Ақмола облысы, Аршалы ауданы, № 2 Аршалы орта мектебі, Қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Нуртазина Білімжан …