ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ-ГЕОМОРФОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ – КЕН ОРЫНДАРЫ ПАЙДА БОЛУЫНЫҢ НЕГІЗГІ ФАКТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ

Астана қаласы

№68 орта мектебінің

география пәні мұғалімі

Болатбек Айсұлу Болатбекқызы

 Орталық Қазақстан территориясы  жазықты, ұсақ шоқылы және аз тілімделген аймақ. Ол теңіз деңгейінен орта шамамен 300-900 метрге көтерілген және шығыстан оңтүстік-батысқа, оңтүстікке және аздап солтүстікке қарай ылдилау. Оның көп бөлігін Қазақтың ұсақ шоқысы – Сарыарқа алып жатыр. Бұл – ірі таулы массивтер қалыптасқан каледон, герцин кезеңдеріндегі қатпар құрылудың тектоникалық үрдістері нәтижесінде түзілген бір кездегі қуатты таулы жүйенің қалдығы. Территорияның беті жайлап тегістеліп ұсақ шоқыға айналған (1 сурет). Үгілу және эрозия үрдістері жер бедерінің қазіргі келбетін толықтырды. Тау жыныстары біршама бұзылып, қыраттар мен таулы массивтер жұмырланып немесе тегістеліп ойпаттарда түзілімдердің қуатты қабаты қалыптасты. Қазіргі уақытта аймақтың барлық бөлігі дерлік салыстырмалы биіктігі 5 метрден 100 метрге дейін жететін біртекті, ретсіз шашыраған төбелермен, жондармен және шоқылармен жабылған. Ал жалпы алғанда ұсақ шоқы – орташа биіктігі теңіз деңгейінен 400-500  метр шамасындағы жазық түрінде [4]. 

 Қазақ қатпарлы елінің көп бөлігі палеозой жыныстарынан, әсіресе силур, девон және карбон конгломераттарынан, метаморфтанған тақтатастардан, кварциттердан, әктастар мен құмтастардан, сонымен қатар сазды тақтатастардан, қоңыр саздардан, порфириттерден және т.б. құралған. Жыныстар қатпарларға қатты жапырылған, лықсымалары мен есепсіз көп жарықшақтары бар, бірқатар аудандарда оларды атқыланған жыныстар (гранит, диорит, порфирит, туф және т.б.) жарып өткен. Мезокайнозойлық түзілімдер ұсақ шоқылы жазықтарда кездеседі. Ұсақ шоқы таулы массивтер мен жоталарға ауысатын аймақтың шығыс бөлігінде аса биік нүктелер орналасқан. Олардың ең ірілері: Қызыларай (1565  м), Қарқаралы (1403  м) таулары болып табылады. Олар көбінесе палеозойдың жыныстарынан құралған. Таулар мен қыраттар тауаралық ойпаттармен, өзен аңғарларымен және шатқалдармен дараланып, ұсақ шоқының біртекті далалық аудандарының көрінісінде көркем бейнеге ие [3].

 

1 cурет. Орталық Қазақстанның ұсақ щоқылы жер бедері

 

     Орталық Қазақстан территориясы солтүстік-шығысында жайлап төмендейді де, жекелеген жоталар мен қыраттардың биіктігі теңіз деңгейінен 1000 м-ден аспайды. Олардың анағұрлым маңыздылары Арқалық (908м), Едрей (950  м) және Желтау (909м – Павлодар облысының шекарада). Шығыс бөлігіндегі жоталар мен таулы массивтер оңтүстігінде Балқаш көліне (Жәмші, Тоқырауын, Бақанас және т.б.) және солтүстігінде Ертіс маңы тобындағы ұсақ көлдерге бағытталған тұйық көлдердің өзендері арасындағы суайрықтың бір бөлігі болып табылады. Өзендерінің басым бөлігі бастауын осы таулы массивтерден алады, оның ішіндегі аса ірілері – Сарысу және Нұра. Оңтүстікке қарай жер беті төмендей бастайды. Мұнда ұсақ шоқының шағын қырқаларына ауысатын аласалау Қызылтас және т.б. таулар орналасқан. Бұл қырқалар  солтүстіктен оңтүстікке және солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа жазылады да, Балқаш көліне тығыз жақындап, оның абсолюттік биіктіктері 350-400  метр болатын жарлы солтүстік жағалауын қалыптастырады. Мұнда аласа таулар да кездеседі. Мысалы, тегіс мұхиттың арасында арал тәрізденіп өрлеп тұрған жалғыз шың – Бектауата тауы (1122м).

     Орталық Қазақстан солтүстігінде биіктігі теңіз деңгейінен 650-830  м болатын және айтарлықтай бөлшектенгендігімен ерекшеленетін Нияз таулары орналасқан. Бұл таулар солтүстігінде жайлап төмендеп, облыс шегіне қарай кетеді, ал оңтүстік-батысында жазықтарға ауысады (теңіз деңгейінен 300-400  м, сирек 500-600  м). Нияз тауларының сілемдерінен Солтүстік Мұзды мұхитына құятын Обь өзенінің саласы Есіл өзені бастауын алады. Ұсақ шоқы батыс бөлігінде 47-50º параллельдері аралығында оңтүстік- батыстан солтүстік-шығысқа шамамен 200 шақырымға созылып жатқан гранитті Ұлытау қыратымен (Ақмешіт шыңы – 1133  м) аяқталады. Мұнда Арғанаты, Желдіадыр, Түрме, Кішітау сияқты таулар бар.

 

2 cурет. Орталық Қазақстанның геологиялық картасы

 

    Орталық Қазақстанның оңтүстік бөлігін Сарысу және Шу өзендерінің аралығындағы аз дараланған толқынды-төбелі беті сазды Бетпақдала шөлі жатыр. Оның биіктіктерінің абсолюттік белгілері 400  м шамасында. Беткі құрылымы бойынша оны екі бөлікке бөлуге болады: 1) шығыс бөлігі – аласа таулы бедерлі және 2) батыс бөлігі – тегіс ойпатты. Бетпақдаланың шығыс бөлігі Сарыарқаға көп ұқсас. Мұнда Жамбыл, Байғара, Болаттау, Шағырлы сияқты аласа таулар шоғырланған. Аласа таулардың арасында тақырлар таралған. Бетпақдала шөлінің батысында Қарағанды облысының шегінде биіктіктерінің абсолюттік белгілері 150-300  м-ге дейін төмендейтін кертпештер орналасқан. Мұнда ұсақ шоқы Тұран ойпатының жазықтарына ауысады. Мұнда Арал маңы Қарақұмдары, Мыңбұлақ, Арысқұм құмдары бар. Мыңбұлақта биіктіктері 15-20  м болатын аса үлкен емес конус тәрізді көтерілімдер таралған. Олардың шыңдарынан жер бетіне жер асты сулары шығады. Сондықтан бұл аймақты Мыңбұлақ деп атайды.

     Орталық Қазақстанның таулы аудандарында үңгірлер, карсты қазаншұңқырлар және қуыстар кездеседі. Қарқаралы қаласынан 2-3 шақырым қашықтықта қаланы солтүстіктен көмкеріп тұрған осындай бірнеше үңгірлер мен қазаншұңқырлар бар. «Палатка» үңгірінде өнделгендіктің айқын белгілері бар (кеңейтілген, тереңдетіліп, кірер жолы жақсартылған). Әлбетте, ертеде ол адамға баспана қызметін атқарған. Оңтүстік және батыс аудандарында үңгірлер бар. Мысалы, Солтүстік Балқаш маңында Бектауата қонысында ұзындығы 80  м «Әулие» үңгірі орналасқан. Ол кең кіре берістен басталып, аяқ жағында қабырғалары бұрышпен үйлеседі. Үңгірдің жоғарғы жағында тесік, ал түбінде су бар [2]. Сонымен қатар борпылдақ жыныстардың қабаттарымен толған ылдилы ойпаттарда кездеседі. Көптеген ойпаттарда көлдер орналасқан, дегенмен олардың көпшілігі көктемгі уақытта ғана сумен толығады.

    Орталық Қазақстан тау массивтері мен ұсақ шоқының қойнауларындағы салыстырмалы терең емес жерлерде әр түрлі пайдалы қазбалардаың ірі кендері шоғырланған және геологиялық құрылымы анағұрлым күрделілігімен ерекшеленеді. Оның территориясы тау жыныстарының екі құрылымдық жікқабаттарынан тұратын палеозойлық платформа шегінде жатыр. Шөгінді-жанартаулы жыныстардың төменгі жікқабатты палеозой дәуіріндегі каледон және герцин қатпарлықтарының нәтижесінде қалыптасқан. Мезозой дәуіріндегі бұл платформа екі ірі геоқұрылымға бөлінген – жоғарыға көтерілген Орталық Қазақстандық қалқан және борпылдақ жыныстардың жоғарғы жікқабатының астына енетін Тұран тақтатасы.

     Қазақтың ұсақ шоқысының беті жікқабатты құрылыммен сипатталады. Мезозой жасты мүсінді тұғырлы жазықтың беті ең ежелгі жікқабат болып табылады. Оның жалпы деңгейінен жоғарғы палеогенді және төрттік жастағы ұсақ шоқылы рельефтің кең массивтері көтеріледі, ал Қызыларай, Кент, Қарқаралы, Ұлытау және т.б. сияқты оқшауланған аласа таулар негізінен төрттік кезеңнің басында пайда болған. Қазақтың ұсақ шоқысының шегінде геологиялық құрылымы мен өзіндік геоморфологиялық даму ерекшеліктеріне орай жер бедерінің бірнеше тектік (генетикалық) түрлерін бөлуге болады – денудациялық тұғырлы жазықтар, ұсақ таулар, аллювиальды-пролювиальды және көлді-аллювиалды жазықтар, сонымен қатар тау жұрнақты пішінді қабатты жазықтар.

      Денудациялық жазықтар. Бұл жазықтардың беттері ретсіз шашыраған шоқылы, жонды және биіктіктері 10-50   м қырқалы, сәл толқынды келген. Шоқылардың ылди беткейлері қолаттардың тегіс түптерімен, аңғарлармен және көлді қазаншұңқырлармен бірігеді. Ұсақ таулы типі негізінен батысында Ұлытау және шығысында Қарқаралы тауларымен көрсетілген. Әдетте оларда құламалы және жартасты беткейлі, тастақты, сусымалы дараланған таулы жер бедерінің белгілері бар. Граниттар мен кварциттардан басқа тақтатсаталанған жұмсақ жыныстар кездеседі. Аллювиальды-пролювиальды және көлді-аллювиальды жазықтар негізінен аймақтың солтүстік-шығысындағы Қарасор ойпаңына сынықты заттар әкелетін ағын суларының адасуының нәтижесінде пайда болған. Ойпаңның түбі көлді-аллювиальды, ал шеттері аллювиальды-пролювиальды түзілімдерден құралған. Ақырғылары әсіресе өзен аңғарларында, оның ішінде Сарысу және Нұра өзендерінің бойында айқын бейнеленген. Қыратты қабатты жазықтарына келер болсақ, олар Қазақтың ұсақ шоқысының Торғай үстіртімен шекарасында аса анық көрсетілген. Олар саздан, әксаздан және неогеннің континентальды құмдары мен конгломераттарынан тұратын көлбеу жатқан палеогеннің теңіздік шөгінділерінен құралған. Мұздану дәуіріндегі бұл жазықтар кең аңғарлармен даралануының салдарынан жер бедерінің үстел кейіпті түрлері – тау жұрнақтары мен үстел тәріздес қыраттар қалыптасқан [1, 7].

     Орталық Қазақстан пайдалы қазбалары бойынша тек қана Қазақстанда емес, сонымен бірге бүкіл ТМД елдерінің арасында аса бай аудандардың бірі болып табылады. Ертеде болған күрделі геологиялық үрдістер, оның қойнауындағы әр түрлі пайдалы қазбалардың ірі қорыларының болуын анықтап, ал ежелгі таулы жоталарды тегістеген денудациялық үрдістер қазба байлықтарын жер бетіне жақындатты.

 3 cурет. Орталық Қазақстанның пайдалы қазбалар картасы

 

Пайдалы қазбалар, әсіресе әр түрлі металл рудалары негізінен мардымды лықсымалар, бастырмалар, жарықшақтар мен лаваның төгілуі орын алған каледон және варис қатпар жаралуларында қалыптасқан. Бірқатар тау құрылу, көтерілу және төмендеу, теңіздің кеулеуі мен кейін шегіну процестерінің арқасында мұнда теңіз шөгінділері қалған, ал теңіздердің, көлдер мен өзендердің жағалауын жауып жатқан өсімдік жамылғысынан карбон мен пермьде көмір түзілген (3 сурет). Үштік және төрттік шөгінділер территорияны әр түрлі құмдақтармен, саздақтармен, құмды-сазды және тасшақпалы түзілімдермен жауып жатқан. Пайдалы қазбалардың кейбір кен орындарын ХХ ғасырдың ортасынан бастап қолдана бастаған. Қарағанды облысын алсақ, бұнда жер қойнауының басты байлығы – тас және қоңыр көмір. Олардың ішінде көмірдің қоры және сапасы бойынша Қарағанды көмір бассейнінің жоғары калориялы кокстелген тас көмірі маңызды болып табылады.  Бассейннің ауданы 3 мың  км² шамасында. Бассейннің көмірлері ыжлу шығару қабілеті бойынша Донбасс (Украина) пен Кузбасстың (Ресей) көмірлерінен кем емес. 23-27%-дық күлділікте Қарағанды тас көмірінің калориялығы 7-9 мың  кал. аралығында ауытқиды. Ұшпа заттардың шығуы 18-36%-ды құрайды. Бассейннің көмірлері коксті өндіруге және тұтынушыларды отынмен қамтамасыз етуге қолданылады. Оларды химия өнеркәсібінде кеңінен қолдануға болады [5].

     Бассейннің тас көмірінің жалпы геологиялық қоры 36-дан 48 млрд тоннаға дейін бағаланады. Бассейннің негізгі көмірлі кен орындары: Қарағанды қаласы орналасқан өнеркәсіптік аудан, сонымен қатар Долинка, Абай, Шерубайнұра, Саран, Қушоқы, Шахтинск және т.б. көмір қабаттары барлық жерлерде 50-300  м тереңдікте ықшам орналасқан. Сонымен қатар,  Орталық Қазақстан мыс қорларымен де ерекшеленеді. Мұнда бұрынғы КСРО-ның өнеркәсіптік барланған мыс қорының жартысына жуығы шоғырланған. Мыстың маңызды кен орны – Жезқазған аймағы. Оның рудалары құрамында 1-1,6% мыс және 1%-ға дейін мырыш бар. Бұл жердің кендері карбон жасындағы мысты құмтастар түрінде қалыптасқан. Сонымен қоса оларда күмістің, қорғасынның және де басқа да металдардың қоспалары бар. Жезқазған мысының жартысына жуығын арзан ашық әдіспен өндіру, оның бағалылығын арттырады.

     Зерттеліп отырған аймақтың оңтүстігінде Балқаш көліне жақын Қоңырат мыс-молибден кен орны орналасқан. Оның рудалары жер бетіне жақын орналасқандықтан ашық әдіспен өндіріледі. Балқаш қаласынан шығысқа қарай руда құрамында мыстан басқа молибден, алтын, темір, кобальт және т.б. элементтер бар Саяқ кен орны орналасқан. Сонымен қоса, аймақ полиметалдарға бай. Металдардың қоры бойынша, әсіресе қорғасыннан, ол Кенді Алтаймен бір қатарда тұр. Полиметалдардың негізгі кен орындары Қарқаралы, Шет, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандарында шоғырланған. Олар Қарағайлы, Алайғыр, Жайрем, Ақжал ірі қорлармен ерекшеленеді. Бұл кен орындарының рудаларында қорғасын мен мырышпен қатар басқа да элементтер бар (мыс, молибден, ванадий, кобальт, күміс, күкірт және т.б.).

     Орталық Қазақстан – Қазақстан Республикасының темір рудалы және марганец рудалы ірі аудандарының бірі. Темір рудаларының негізгі қорлары Атасу-Қаражал темір рудалы бассейнінде – Батыс Қаражал мен Үлкен Қытайда шоғырланған. Бұл рудалардың құрамында темір 50-55%, марганец 25%-ға дейін жетеді. Олардан басқа мырыш, барий және басқа да бағалы металдар бар. Темір рудасының қоры 530, ал марганец 350 млн тоннаға бағаланады. Сонымен қоса Кентөбе-Тоғай және Қарсақбай кен орындары темір рудасының қорымен ерекшеленеді. Бұл кен орындарының рудаларында 40-65% темір кездеседі. Қарағанды облысының территориясында марганец рудаларының кен орындары барланған: Атасу-Қаражал темір-марганец ауданы (Батыс Қаражал, Шығыс Қаражал, Үлкен Қытай, Жомарт, Қамыс және т.б.), Өспен кендену зонасы. Полиметалл және темір рудасы кен орындарының барлығында дерлік рудадағы марганец мардымды. Жезқазған аймағының кен орындарының рудаларында аса жоғары сапалы марганец кездеседі. Атасу ауданындағы марганец құрамында фосфор аз, ферромарганец өндірісі үшін сапалы шикізат болып табылады. Жезді кен орнында (1942 жылдан өнделеді) құрамында кремний және сирек металдар бар, фосфоры аз марганец өндіріледі. Сапасы бойынша Никополь (Украина) марганец рудасынан асып түседі. Бұл кен орнының рудаларында 18-25% марганец бар, күкірт аз. Алдын-ала байытылғаннан кейін бұл рудалар ферромарганец өндірудегі бірінші дәрежелі шикізатқа айналады. Қарағайлы, Найзатас, Промежуточное, Балажал, Емельяновкое, Надеждинское және т.б. кен орындарында рудадағы марганецтің мөлшері едәуір. Қарағанды регионда сирек және шашыраңқы металдардың үлкен қоры бар. Молибден және вольфрамның қоры бойынша аймақ ТМД-да алғашқы орындардың бірін иеленеді. Сирек металдардың маңызды кен орындары – Ақшатау, Қараоба, Шығыс Қоңырат, Шалқия, Жоғарғы Қайрақты, Жанет және Батыстау, Ақжал. Бозшакөл мен Саяқ кен орындарының кешенді рудаларында никель мен ванадий бар. Жоғарғы Қайрақты, Ақшатау, Қараоба, Ақжал, Байназар, Қоңырат кен орындарында вольфрам мен молибден қорғасын және мырышпен қатар кездеседі [5].

    Жалпы Орталық Қазақстанда түсті металлургияның дамуы үшін үлкен болашақ бар. Жоғарыда аталған түсті металл кен орындарымен қатар провинцияның орта бөлігінде Қаражал қаласынан Қарағайлы кентіне дейін 450 шақырымға созылып жатқан және вольфрам, молибден мен сирек металдар қорынан ТМД бойынша алдыңғы орындардың бірін иеленетін Өспен кенді белдеуі ерекшеленеді. Республика геолог мамандар оның шегінде қара және түсті металдардың 760-тан аса кенбілінімдерін анықтаған. Олардың арасындағы 39 кен орнының өнеркәсіптік маңызы бар, ал Жайрем, Үшқатын, Бестөбе, Қарағайлы сияқтыларында қорғасын мен мырыш балқыту зауыттарын салуға болады.

    Пайдалы қазбалардың басқа түрлерінен құрылыс материалдары өндірісіне арналған шикізат қорлары ерекше байқалады. Жезқазғанның солтүстік-батысындағы Ешкіөлмес және Шайтантас кен орындарында талшықтың (асбест) қоры едәуір. Жезқазған аймағында, сонымен қатар хрустальды ыдыстар мен кварцты ұн өндірісі үшін кварцтың кен орны (Ақтас) бар. Бұл кварц кен орнында тау хрусталі (оның ішінде түсті хрусталь), оптикалық шикізат, пьезокварц бар. Әлемдік нарықта қымбат бағаланатын пьезокварцтан көзілдірік шынысын, контактілі линза және т.б. өндіруге болады. Сонымен қатар, Жезқазған маңында әксаздың үлкен қоры шоғырланған.

    Қарағандыға таяу Астахов және Оңтүстік Топар кен орындарында әктас пен гипстің қорлары таралған. Пирофиллит (керамика өнеркәсібіндегі шикізат), отқа төзімді саз, кварц құмдары, корунд, андалузит, алунит, доломиттің кен орындары бар. Химия өнеркәсібі үшін де шикізат бар. ТМД бойынша Қазақстан 1-ші орынды иеленетін барит қоры Қарқаралы ауданында шоғырланған. Негізгі қорлары Кентөбе кен орнында орналасқан. Барит кальций карбиді, кальцийлендірілген тұз және басқа да өнімдер өндірісі үшін химия өнеркәсібінің шикізаты болып табылады. Балқаш маңында ас тұзы мен натрий сульфатының шоғырлары бар [1].

    Сонымен, Орталақ Қазақстанда түсті және қара металлургия, химия және құрылыс индустриясының дамуы үшін отын мен шикізаттың орасан зор қоры бар. Еске сала кететіні, металлогенетикалық провинцияда пайдалы қазбаларының кен орындары бір-біріне салыстырмалы жақын орналасқан, ал бұл олардың кешенді қолданылуы мен өнделуі кезінде қаржының үнемделуіне қолайлы жағдай тудырады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Ақпамбетова К.М. Геоморфология аридных территорий Казахстана: Учеб. Пособие. – Ч.2. – Караганда: Изд-во КарГУ, 2002. – С.113.
  2. Досмағанбетов С.К. Центральный Казахстан : Природа и природные ресурсы, события и люди, реформы и развития. Алматы, 2003
  3. Құсайынов С.А. Төрттік геология: Оқу құралы/ Құсайынов С.А., Аубекеров Б.Ж.. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 296 б.
  4. Мақсұтова П.А., Бекетаева Қ.Т., Канафин Ж.Ә., Қадырбаева Д.А. Қарағанды облысының физикалық географиясы. – Қарағанды, 2006 ж.
  5. Сатпаев К.И. Проблемы металлогении и минеральные ресурсы Казахстана. Изб.тр. – Т. 3. – С. 311. – Алма-Ата, 1968
  6. Щукин И.С. Геоморфология Средней Азии. – М.: МГУ, 1983. – С. 134-147

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қазақ тілін орыс мектептерінде оқытуда рөлдік ойындардың маңызы

Ақмола облысы, Аршалы ауданы, № 2 Аршалы орта мектебі, Қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Нуртазина Білімжан …