Заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын оқу

Сагындыкова Гульдана Мырзабековна,

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ» мұғалімнің кәсіби дамуының ППС кафедрасының аға оқытушысы, Көкшетау қ.

Бұған дейін жасалғандардың бәрін

одан да жақсырақ етіп жасауға болады

Генри Форд

 Білім – елдің зияткерлік капиталын қалыптастырушы стратегиялық ресурс. Осыған байланысты білім Қазақстанның барлық даму стратегияларында аса маңызды басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруде білім беру маңызды рөл атқаратынын айта келіп, басым бағыттарын белгілеп берді.

Осы бағытта білім сапасын арттыру ісіне ерекше мән беру қажеттілігі артты. Сапалы білім беру педагогтердің шеберлігі мен іскерлігіне байланысты. Ал педагогикалық шеберлік пен іскерлікті дамытуда жаңа технологияны қолданудың маңызы зор. Оқытудың жаңа педагогикалық технологиясы – оқытуды ізгілендіру, өзін-өзі дамытып, тәрбиелей білетін, заман ағымына ілесе алатын кәсіби, білікті, жан-жақты жеке тұлға қалыптастыруды мақсат етеді. Оқушылардың кәсіби білім сапасын арттырумен бірге өз қабілетіне қарап, өзін-өзі дамыта отырып, өзіне сын көзбен қарауға мүмкіндік береді. Танымдық белсенділігін арттырып, шығармашылық қабілетін дамытады.

2016-2017 оқу жылында бірінші сынып табалдырығын аттайтын  еліміздің бүлдіршіндері жаңартылған бағдарлама бойынша білім алады.  Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде бастауыш сынып пəндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ» 719 бастауыш сынып мұғалімін қамтыды.

Бұл біліктілікті арттыру курсының мақсаты оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізу арқылы Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесіне арналған орта білім мазмұнын жаңарту бағдарламасымен таныстыру болды. Бағдарламада білім беру саласындағы өзгерістердің шарттары мен алғышарттары қарастырылды және білім саласындағы халықаралық үрдістер туралы сөз қозғалады. Сонымен қатар бастауыш сынып пәндері бойынша бағдарламадағы оқу мақсаттарына қол жеткізу мақсатында критериалды бағалау жүйесін түсініп, қолдана білуін қамтамасыз етумен, мұғалімдердің бойында жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті біліктері мен дағдылары қалыптастыру  жолдары қарастырылды. Бұдан соң мұғалімдер сауат ашу, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, дүниетану, жаратылыстану сияқты пәндік аспектілерін меңгере алды. Мұғалімдер білім беру бағдарламасына негіз болған теориямен танысып қана қоймай, бұл теорияны тәжірибе жүзінде іске асыруға қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін оқыту тәжірибе жүзінде және белсенді түрде өтті. Бұл үшін ересектерді оқытуда қолданылатын пәрменді тәсілдердің бірі – Дэвид Колбтың (1984) оқу циклі қолданылды. Циклде төмендегі мәселелер қамтылған:

Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ –ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) курс барысында қарастырылды. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі. Оған оқу мақсаттары зерделей отыра тапсырмаларды ықшамсабақтарды құрастыру барысында қолдану.

Ең бастысы бұл бағдарлама шетелдік жүйемен құрылғанымен Ж.Аймауытовтың 1929 жылғы «Комплексті оқыту жолдары» атты еңбегіне негізделген. Бұл мектепке және оқуға байланысты қазақ тілінде жазылған алғашқы құралдардың бірі екен. Автор баланың білімге деген ынта-ықыласын, зейін-зердесін арттыру үшін мұғалімдерден төмендегi шарттарды орындауды талап етеді. Олар: жаңа берілетін білімді баланың бұрын меңгерген біліміне негіздеу, оқушылардың жаңа білімді меңгеруіне бағытттайтын проблемалық сұрақтар қоя отырып, олардың назарын жаңа білімге бағыттау, басы артық, қажетсіз мағлұматтарды айтудан сақтану, салыстыру, теңеу, ұқсату, сияқты  тәсілдерді қолдану арқылы балалардың білімге деген қызығушылығын арттыру.  Тәсілдері үнемі жаңартып жандандырып отыру, көрнекілікті пайдалану т.б. дидактикалық әдіс-тәсілдерді сөз етеді.

Жазықсыз жапа шеккен, қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң көрнектi қайраткерлерiнiң бiрi Ж.Аймауытов (1889-1931) педагогика, психология саласында құнды ғылыми-зерттеу еңбектерімен қатар жазған оқулықтар мен оқу құралдарында баланы оқытудың ережелерін, заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білім берудің шарттарын көрсететін педагогика бөлімі «дидактикаға» көп назар аударған.

Ж.Аймауытов баланың ақылын, сезімін, ерік-жігерін, мінезін тәрбиелеу  керектігін атап көрсетті. Баланың тіл байлығын арттыруға  ерекше көңіл бөлді. Кіріктірілген білім беру бағдарламасында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында спиральдік жүйемен орналастырылған және бір –бірімен тығыз байланысты. Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі.

Сонымен қатар Ж.Аймауытов жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен мән беріп, баланың жан дүниесіне үңілу, оның дұрыс өсіп, дұрыс жолды таңдай білулеріне көмек көрсету мәселелеріне терең тоқталған ғалым. Бүгінгі оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді.

Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Бұл жерде де Ж.Аймауытовтың жас өркенді оқытып-тәрбиелеуде, оның жеке тұлғасын, өзіндік «мәнін»  қалыптастыруда мұғалімнің рөлі айрықша  екендігін көп мән  бөлгеніне назар аударып отырмыз. Ал бірінші сыныптапн еңгізіліп жатқан «Жаратылыстану» пәніне қарасақ атақты педагог-ғалымның мына тұжырымдамасы ойға келеді «…Алдымен балалардың өздеріне күнделікті өмірден жақсы таныс өз жұртының тұрмыс-салты, тыныс-тiршiлiгiне  байланысты тарихты оқытудан бастағанды жөн… басқа жұрттың тарихқа керек жерлерiн ғана алу керек» – деп тұжырымдайды.

Оның жазбаларынан Л.Н.Толстойдың  «Тәрбие дегенiмiз бiр адамның  екiшiбiр адамға жасайтын ықпалы»  немесе А.С.Макаренконың «Адамдарды  қоршаға орта тәрбиелейді. Адамның тұтыну заттары, табиғи құбылыс т.б. бәрi тәрбиеге белгiлi әсерiн  тигiзедi. Соның iшiндегi ең әсерлiсi  – адамдардың қарым-қатынасы, әсіресе ата-аналар  мен ұстаздардың ықпалы ерекше» деген сияқты таныс пiкiрлер  жиi ұштастырылады.

 Ж.Аймауытовтың пiкiрiнше мұғалiмнiң  айналысатыны – үнемi қозғалып, өзгерiп,  өсетiн, өркендейтiн тiрi адам  болғандықтан, бiркелкi әдiстен табан  аумай шектелiп қалуға болмайды. «Сабақ үйреншiктi жай шеберлiк  емес, ол үнемi жаңаны табатын  өнер. Сыннанн өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды» – деп, оқыту, білім беру әдістерінің  догма емес, ізденуден туатын іс-әрекет екенін екенін дұрыс атап өткен.

Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс –тәсілдермен оқытып, ой –өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл үрдістің жалпы білім беретін мектептерге де енгізіле бастауы көңілді қуантады.

Курстың маңыздылығы да, мәні де, осында.

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қазақ тілін орыс мектептерінде оқытуда рөлдік ойындардың маңызы

Ақмола облысы, Аршалы ауданы, № 2 Аршалы орта мектебі, Қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Нуртазина Білімжан …